Астанада биыл рекордты көлемде мектептер қолданысқа беріледі

Sputnik
АСТАНА, 21 қазан - Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында қалада жаңа мектептердің салынып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
"Білім ошақтарының құрылыс барысымен таныстым. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматтағы 24 мектеп салынады. Жыл соңына дейін ашылатын мектептерді ескерер болсақ, тапсырылатын жайлы мектептердің жалпы саны 17 болмақ.
Мәселен, қыркүйек айында 15 мектеп аштық. Олардың тоғызы – "Жайлы мектеп" жобасы аясында. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашамыз, оның сегізі – ұлттық жоба аясында. Осылайша, тоғыз жаңа мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын құрады. Бұл оқу орындары тағы 4 мектепте үш ауысымды оқыту, 3 мектепте тығыздылығы жоғары режимі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз. 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына жеке инвестициялар да тартамыз", - деп жазды елорда әкімі.
"Жайлы мектеп" ауқымды жобасын іске асыруға 2,3 трлн теңге бөлінді