АСТАНА, 21 қазан - Sputnik. Ақтөбе облысында балабақшалардан бюджет қаражаты жымқырылған.
Облыстық прокуратура 240 миллион теңгеден (494,8 мың доллар) астам қаржы жымқырғанын анықтады.
“Қызметкерлерге үстемақы төлеу арқылы қаражат негізсіз жоғарылатылған бюджеттік өтінімдер арқылы жымқырылған. Өзгерістер бақылаусыз енгізіліп, соның ішінде меңгерушілерге сыйақы тағайындау туралы бұйрықтарда сомалар ұлғайтылған. Жымқыру жалақыны белгіленген нормадан артық аудару, аударымдарды қайталау және жалған іссапар ақысын беру арқылы жүзеге асырылған”, - деп хабарлады прокуратура.
Ал тағы бір есепші кейбір қызметкерлерге 24 миллион теңгеден (49,4 мың доллар) асатын жоғары көлемде жалақы, екі еселенген еңбек демалыс ақысын және іссапар ақысын тағайындаған. Дәл осы сомалар балабақша меңгерушісінің немесе есепшінің жеке есепшотына еш негізсіз аударылған.
“Аудандық прокуратуралар қабылданған шаралармен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі көлемде иемдену немесе жымқыру) бойынша аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына, балабақшалардың 3 меңгерушісіне және 4 есепшісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды”, - делінген прокуратураның хабарламасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомстволары барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.