Ұлттық ұлан сарбаздары бір тәулікте үш есірткі таратушыны ұстады

Sputnik
АСТАНА, 20 қазан - Sputnik. Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері қызмет барысында есірткі жасырушыларды қолға түсірді.
Күдіктілердің біріншісі 18 қазанда сағат 19:50 шамасында қолға түскен. Есіл ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде әскери жасақ ағаштың жанында бірдеңе қағып жасырып жатқан азаматты байқайды.

Жасақ бастығы Сайыскелді Сайлауұлы және қатардағы жауынгерлер Темірлан Ағанкелдиев пен Еламан Әбүйір дереу оны ұстауға әрекет етті.
"Күдіктінің ағаштар арасына белгісіз заттары бар бумалар жасырғаны анықталды. Біз оны ұстаған соң, сол аумаққа қосымша тексеру жүргіздік", - дейді әскери жасақ бастығы.
Ұсталған ер адам полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді. Тергеу-жедел тобы куәгерлердің көзінше оның жеке заттарын тінту кезінде ішінде жағымсыз иісі бар, сырты жабысқақ таспамен оралған 64 пакет тәркіленді.
Екінші оқиға Есіл ауданы көшелерінің бірінде орын алды. Әскери жасақ бастығы Еркебұлан Парымбеков және патрульші жауынгерлер Бекнұр Аяшев пен Құрбанәлі Наурызбай марихуанасы бар байлам тауып, із кесу нәтижесінде тағы екі есірткі курьерін ұстады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды.