Тұрғын үй кезегінен алып тастаған: сот көпбалалы ананың құқын қорғады

Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қазан - Sputnik. Атырау облыстық соты әкімдікті көпбалалы ананы тұрғын үй кезегіне тұрғызуға міндеттеді, деп хабарлайды "Мой город" порталы.
Атыраулық жеті баланың анасы 2016 жылы "мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар" санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекке тұрған. Алайда, екі жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы Атырау облысы Мақат ауданында жұбайының атына тіркелген үйге сілтеме жасап, оны кезектен шығарған. Әйел Мақат ауданының әкімі мен ТКШ бөлімін сотқа берді.
Ол өзін кезекке тұрғызуды міндеттеуді өтінді. Сот істі қарап, талапкердің шын мәнінде көп балалы ана екенін, "Алтын алқа" алқасымен марапатталғанын және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырғанын анықтады. Ол мүмкіндігі шектеулі баланы үйде оқыту үшін аудан орталығында пәтер жалдауға мәжбүр болған, өйткені әйел отбасымен бірге тұрған үй Мақат ауылынан 22 шақырым жерде орналасқан.
"Мамандандырылған ауданаралық сот ісін ішінара қанағаттандырды. Талап қоюшыға қатысты хаттамалық шешімнің бір бөлігі заңсыз деп танылды және күші жойылды. Сот жауапты бөлімді талапкердің кезегін бұрынғы қалпына келтіруге міндеттеді", - деп хабарлады Атырау облыстық соты.