Көшедегі адамды келісімсіз фото-видеоға түсіруге бола ма – заң талаптары

Адамның суреті келісімсіз жарияланса, айыппұл төлейді. Тіпті кей жағдайда бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Бүгінде далада контент түсіретін адам көп. Біреулер жай селфи жасап жүрсе, енді біреулер әлеуметтік желіге видео жүктейді. Сол кезде кадрға көшеде жүрген халық та кіріп кетіп жатады. Ал адамның суретін келісімсіз жариялағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Sputnik Қазақстан заңның негізгі нормаларын назарларыңызға ұсынады.

Қоғамдық орында шектеу жоқ па?

Заң бойынша қоғамдық орындарда видео түсіруге тыйым салынбаған. Алайда сол материалды ары қарай пайдалануға қатысты шектеулер бар.
Конституцияның 20-бабына сәйкес, әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Бұл дегеніміз, шығармашылық пен сөз еркіндігіне кепілдік берілген. Бірақ біреудің суретін келісімсіз пайдалану адамның құқығын бұзады. Осылайша, қоғамдық жерде ешбір шектеусіз фото мен видео жасауға болады. Ал кадрға біреу кіріп кетсе, сол адамның келісімі керек. Себебі ол адам өзінің суретін пайдалануға қарсы болуы мүмкін.
Азаматтық кодекстің 145-бабында адамның өз бейнесiне құқығы бекітілген.
"Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ", - делінген заңда.

Келісімді қай кезде алмауға болады

Бірнеше жағдайда қоғамдық орында түсірілген суретті келісімсіз жариялауға болады. Олар:
ойын-сауық, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларда халықтың арасында жүріп, фотоға түсіп қалу;
адамның бет-бейнесі мен қызметіне қатысты мәліметтерді ашық жариялануы;
бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асыру;
адам ақы алып, фото-видеоға түссе, келiсiм алудың қажеті жоқ.

Түрмеге жауып тастауы мүмкін

Адамның суреті келісімсіз жарияланса, заң бойынша айыппұл қарастырылған. Ал жекеменшік аймақта түсірілген фото мен видео үшін қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Себебі ондай әрекет адамның өміріне қолсұғушылық болып бағаланады.
Қылмыстық кодекстің 147-бабы, 2-бөлігі (Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу (таратуды қоспағанда) нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру) бойынша бірнеше жаза қарастырылған. Олар:
5 000 АЕК-ке (18 460 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл;
түзету жұмыстары;
800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар;
үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу;
үш жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сот қылмыстық әрекеттің ауырлығына қарай бес жазаның біреуін тағайындайды.
Ал қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып жасалған ондай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.