АСТАНА, 19 қазан– Sputnik. Бүгін – құтқарушылар күні. Елімізде құтқарушылар күні ресми түрде 2008 жылдан бастап тойланады.
Бұл күннің таңдалу себебі осыдан тура 29 жыл бұрын Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды.
Еліміздің өртке қарсы және құтқару қызметтерінің мамандары өз өмірін қатерге тігіп, азаматтарды құтқару жолында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 73 қызметкер қайтыс болды.
Азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер қызмет атқарады.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов кәсіби мереке қарсаңында құтқарушыларды құттықтады.
"Бүгін Сіздердің қызметке деген адалдықтарыңыз бен батылдықтарыңызды бейнелейтін күн. Күнделікті ерліктеріңіз қоғам үшін баға жетпес іс және әрқайсыларыңызды осы үшін мен мақтан тұтамын", - деді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік, тұрғын үймен және материалдық-техникалық қамсыздандыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын айтты.