АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Қазгидромет 19-21 қазанға жасалған ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің болжауынша алдағы күндері республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы, жауын-шашынды болады. Атап айтқанда, жаңбыр, қар жауады.
Тек республиканың шығысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
"Республика бойынша тұман түсіп, жел күшейеді, солтүстік аймақтарда көктайғақ болады, оңтүстікте найзағай ойнайды", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде ауа температурасы күндіз плюс 5-13 градусқа дейін, шығыста, орталықта плюс 8-18 градусқа дейін, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста плюс 15-22 градусқа дейін біртіндеп төмендейді.