Республика күніне орай елордада фото байқау жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Республика күніне орай Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы және ЖҚ "Жастар конвенті" әлеуметтік желілерде "Фотокамерадан қала тұрғындарының өмірінен үздік көрініс" байқауын жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл байқау арқылы елорда тұрғындары арасында қоғамдық сананың деңгейін арттыру, мәдени кодымызды нығайту және шығармашылық әлеуетті дамыту көзделеді. Қатысушылар өздерінің күнделікті өмірінен, ерекше сәттерінен, тұрғындардың мәдениеті мен дәстүрінен туындаған фотосуреттерді ұсынып, елорда өмірінің әрқилы көрністерін көрсету мүмкіндігіне ие болмақ.
Байқау мақсаты – Елорда тұрғындарының өмірінің сәттерін, күнделікті тіршілігін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын және ерекше көріністерін фото арқылы көрсету.
Байқауға қатысу талаптары:
Байқауға 14 жастан асқан Астана қаласының тұрғындары қатыса алады;
Әрбір қатысушы 1 фотожұмыс ұсына алады;
Фотожұмыстар тек қатысушының жеке туындысы болу керек. Авторлық құқықтарға қайшы келетін жұмыстар қабылданбайды;
Фотожұмыстар бұрын басқа байқауларға жарияланбаған және жүлделі орын алмаған болуы керек;
Қатысушы фотожұмысты 9-20 қазан аралығында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салуы керек;
Фотожұмыстар жоғары сапада түсірілген және авторлық сипаттамасы болуы керек;
Байқауға қатысушы әлеуметтік желідегі @Elorda_madeni.kod аккаунтын белгілеп, осы аккаунтқа тіркелуі керек.
Байқауға қатысу үшін өз жұмыстарыңызды әлеуметтік желілерде жариялағанда, міндетті түрде төмендегі хэштегтерді қолданыңыз:
#ҚалаӨмірі
#МеніңҚалам
#ЕлордаСәттері
#ҚалаТұрмысы
#StreetPhotographyKZ
#CityVibesKZ
Байқауға 2024 жылдың 9-20 қазан аралығында жарияланған фотолар қатыстырылады. Қатысушы өз жұмыстарын уақтылы жүктемеген жағдайда одан кейін байқауға қатысу мүмкіндігі болмайды.
Фотолар оригиналдылық пен креативтілік; фотосуреттің тақырыпқа сәйкестігі; техникалық сапасы; көркемдік мәні мен мазмұны критерийлері бойынша бағаланады.
Авторлық құқықты бұзатын, басқа адамның меншігінде деп танылған фотосуреттер байқауға қатысудан шеттетіледі.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Байқау жөнінде қосымша сұрақ бойынша 8-707-498-57-02 телефон нөміріне хабарласуға болады.