Оралда мектеп басшылығы мұғалімдерді сотқа берді

Sputnik
АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Орал қаласында Серебряков орта мектебінің әкімшілігі 75 мұғалімді сотқа беріп, бюджеттен артық төленген жалақыны қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан жоғары соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін мектепте мемлекеттік аудит болды. Сол кезде бас бухгалтердің қылмысы анықталды. Ол 2021-2022 жылдары аралығында 75 педагогқа жалақыны артығымен есептеп, мектепті 42 млн теңгеге қарызға батырған. Басшылық мұғалімдерден осы ақшаны қайтаруды талап етті.
"Алайда сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардың қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған. Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талабын қанағаттандырмады", - делінген ресми хабарламада.
Судья еңбек және азаматтық заңнама бойынша артық төленген жалақыны қайтаруға негіз жоқ екенін атап өтті.
Мектеп басшылығы апелляцияға да барды. Бірақ сот шешімі өзгеріссіз қалды.