АСТАНА, 17қазан - Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы 2023 жылға арналған интеграциялық процестердің бизнес жағдайына ықпалын бақылау нәтижелері туралы есепті қарады, деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.
"ЕЭК Алқасы бекіткен әдістеме негізінде дайындалған есеп Еуразиялық экономикалық одақта бизнесті жүргізу шарттарына еуразиялық интеграция ықпалының барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өткен жылдағы оң динамикасын көрсетеді", - делінген хабарламада.
Техникалық реттеу саласында ЕАЭО-ның күшіне енген техникалық регламенттерінің саны 47-ге дейін өсті, ал стандарттар тізбелеріндегі мемлекетаралық стандарттар үлесі 67%-ға жетті.
Өзара сауданың өсуіне кедергілерді жоюда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалды: 2023 жылы 10 кедергі мен 1 шектеу жойылды.
ЕЭК шешімдері жобаларының реттеу әсерін бағалау бойынша оң қорытындылар үлесі 2015 жылдан бастап ең жоғары деңгейге жетті (98%), бұл Комиссия қабылдаған шешімдердің бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жалпы бағытын көрсетеді.
"Баяндама Одақтағы интеграциялық процестер нақты нәтиже беріп, бизнесті дамытуға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етіп жатқанын растайды. Біз ЕАЭО қызметтердің бірыңғай нарығын құруға сенімді түрде қадам басып келе жатқанын көріп отырмыз – бүгінгі таңда оған 142 сектор енді. Бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер құрады және барлық қатысушы елдердің экономикалық өсуіне ықпал етеді", - деді ЕЭК Экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов құжатқа түсініктеме беріп.
ЕАЭО мемлекеттері арасындағы өзара тауар саудасының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 4,7%-ға өсті. Сонымен қатар, осы кезеңде өзара қызметтер саудасының көлемі 22,3%-ға өсті.
Еңбек миграциясы саласында оң динамика байқалады, оның өсу қарқыны 2023 жылы 35%-ға жетті. Жалпы ЕАЭО бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі рекордтық ең төменгі көрсеткішке жетті - 0,8%.
Одақтың көптеген мемлекеттерінде жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар мен шағын кәсіпорындар санының тұрақты өсу процесі байқалады. ЕАЭО мемлекеттері арасында жинақталған тікелей инвестиция көлемінің 11,2%-ға артуы тіркелді.