АЛМАТЫ, 17 қазан – Sputnik. Биыл 389 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
1 қазанға дейін 73,4 мың отбасындағы 389,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 55,9 млрд теңге қарастырылған.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сол арқылы отбасын қиын өмірдегі жағдайдан шығару.
АӘК-ті алатындар:
табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-тен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады;
табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі.
Биыл АӘК алушылар қатарына енген мектеп жасына дейінгі 120,4 мың балаға 4,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды.