Баспана кезегі Отбасы банкіне беріледі: сенат заң жобасын мәжіліске қайтарды

Sputnik
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Сенат депутаттары тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты заң жобасына бірнеше түзету енгізіп, мәжіліске қайтарды. Құжатта "Отбасы банкі" АҚ-ын ұлттық даму институты ретінде қайта құру бабы өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұдан былай Отбасы банкі ұлттық даму институты баспана кезегін жүргізіп қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады. Ол үшін банкте тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық электронды база беріледі. Ал құрылыс және өнеркәсіп министрлігі бақылау жасайды.
"Сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары ашық болады. Заңмен тиісті норма енгізіледі, оған сәйкес, бірыңғай республикалық электронды базада, "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электронды базасында есепте тұрған Қазақстан азаматтарының, қандастардың тізімі тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің интернет-ресурсында ай сайын жарияланады", - дейді сенаторлар.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрғандар туралы мәліметті тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне беруге міндетті. Сондықтан президент осы заңға қол қойғаннан кейін алты ай беріледі. Осы уақыттың ішінде баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне берілуі шарт.
Бүгін сенаторлар заң жобасын бірден екі оқылымда қарап, бірнеше түзету енгізді. Енді заң жобасы тағы мәжіліске түседі. Сол жерде қарсылық болмаса, бірден президенттің қол қоюына жіберіледі.
Айта кетері, қазіргі кезде республика бойынша баспана кезегінде 647 мың адам тіркелген.