Зейнетақы қорындағы ақша бір жылда 24 пайызға жуық өсті

Салымшылар қаржысының 96,94%-ы міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналды
Sputnik
АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинағы 20,7 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде бұл сома 23,7%-ға өсті, деп хабрлады Ranking.kz.
Бұл сома міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен жиналған.
"Қазақстандықтардың жинақтарының 96,94%-ы МЗЖ есебінен жиналды, олардың көлемі 20,1 трлн теңгеге жетті, бір жылдағы өсімі — 23,9%, жыл басынан бергі өсімі — 16,3%. МКЗЖ бойынша жинақ сомасы 627 млрд теңгені құрайды, бір жылда 17,7%-ға, ал жыл басынан бері 10,3%-ға ұлғайды. Ең үлкен өсімді (жылына 49,2%, жыл басынан бері 33,2%) ЕЗЖ бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі 7 млрд теңгеге жетті", - деп жазды портал.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап салымшылардың зейнетақы шоттарына қосымша қаражат — жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсіп отырды. 2024 жылдың сегіз айында ЖМЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы 148,9 млрд теңгеден асты.
Зейнетақы жинақтары зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс түріндегі кірістер есебінен ұлғаяды. 2024 жылғы қаңтар–тамызда салымшылардың шоттарындағы зейнетақы жарналарының (МЗЖ, МКЗЖ, ЖМЗЖ және ЕЗЖ) көлемі 1,78 трлн теңгеге жетті (былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 29,5%-ға немесе 406,01 млрд теңгеге өсті). Жарналардың барлық түрлері өсті.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс жыл басынан бастап 1 қыркүйекке дейін 1,9 трлн теңгені құрады, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 883,05 млрд теңгеге (немесе бірден 85,3%-ға) артты.