Қазақстанда қанша адамның кредиті кешіріледі

Sputnik
АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кредитті кешіру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде банктер мен микроқаржы ұйымдарына әлеуметтік осал топтар бойынша жаңа талаптар қойылды. Оған сәйкес, алдымен проблемалық қарызды реттеу жоспары жасалуы шарт.
"Сол жоспарда әлеуметтік осал топтарға қатысты нақты талап бар. Олардың несие мерзімі бірнеше жылға кешіктірілсе, кредит төлеуге жағдайы болмаса, қарыз толығымен немесе бір бөлігі есептен шығарылуы қажет. Осындай талап қойдық. Жыл басынан бері 44 мың адамның қарызы кешірілді. Қаржы ұйымдары өз ақшасынан есептен шығарды", - деді Әбілқасымова мәжілісте өткен брифингте.
Оның айтуынша, 1 млн 400 мың қарызды реттеу жоспарына кіреді деген болжам бар. Бірақ басым бөлігі үшін қарызды қайтару шарты өзгертіледі.
"Мысалы, проценттік мөлшерлемесін төмендетеді, қарызды қайтару мерзімін ұлғайтады, болмаса, айыпақы мен өсімпұлды кешіруі мүмкін. Осылайша, борыштың құрылымын қайта қарайды. Ал әлеуметтік осал топтар үшін қарыздың көлемі толығымен немесе ішінара кешіріледі", - деп атап көрсетті агенттік басшысы.
Айта кетері, жаңа заң жобасы бойынша әлеуметтік осал топтарға тағы бірнеше жеңілдік беріледі.