АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Қазақстанда 2024 жылдың 26 қазанынан бастап бұқа мен қошқар экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енеді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бұл норма алты ай мерзімге енгізіледі. Шектеу үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне қатысты болады.
12 айдан асқан бұқаны әкетудің сандық лимиті 85 мың басты құрайды, оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 55 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 30 мың бас.
6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетудің сандық лимиті 120 мың басты құрайды, оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 60 мың бас, тауар өндірушілер үшін – 60 мың бас.
12 айдан асқан бұқаларды әкетуге бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 4000 бастан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – 500 бастан аспайды.
6 айдан асқан еркек тоқтыларды әкетуге бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық саны 1000 бастан аспайды, ал бір тауар өндірушіге – 500 бастан аспайды.
Бұл ретте, бір бордақылау алаңына берілетін квота бордақылау алаңы қуатының 20 пайызынан аспауға тиіс және квотаны бөлу сәтінде бордақылау алаңындағы мал басының нақты саны сұратылған квота көлемінен екі есе көп болуға тиіс.
Квоталар толық таусылғанға дейін бөлінеді.
Сонымен қатар квоталар "Е-лицензиялау" порталында бөлінеді және жекелеген тауар түрлерін экспорттауға лицензия алу кезінде автоматты түрде беріледі.
Толығырақ бұйрықпен мына сілтеме арқылы танысуға болады.