Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады

Sputnik
АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Исламабад қаласына барды.
Барған сәтте Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өтті. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективалары, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
Олжас Бектенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық кооперация әлеуетіне ерекше назар аударатынын атап өтті. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 16%-ға өсіп, шамамен $40 млн-ды құрады. Қолданыстағы әлеуетті ашу үшін тараптар тауар айналымын әртараптандыруды жалғастыруға ниетті.
Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны $490 млн-нан асатын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға, оның ішінде жеткізілетін мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Биылғы қаңтар-тамызда қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 2 есеге жуық өсіп, $7,7 млн-ды құрады. Қазақстаннан әкелінетін көкөністер мен дәнді дақылдар Пәкістан нарығында сұранысқа ие. Биыл күтілетін жоғары өнімді ескере отырып, Қазақстан Үкіметі Пәкістанға дәнді дақылдар жеткізу көлемін жыл сайын 2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын.
Транзиттік-көлік саласында теміржол жүк тасымалы көлемінің үш есеге артуы және автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдың төрт есеге өсуі аясында үкіметтер басшылары қолданыстағы "Қазақстан–Өзбекстан–Ауғанстан–Пәкістан" мультимодальды бағытын және "Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан" жаңа көлік дәлізін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Екі ел сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастырады.