АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында бір топ адамның жүк көліктерін бастапқы тіркеуге заңсыз қойғанын анықтады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"ХҚКО қызметкерлері көліктердің бастапқы тіркеу алымы мен утилизациялық алымды төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көліктерінің VIN-кодтары бойынша көрінеу жалған деректерді енгізгені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша, олар 33 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген. Жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам сомаға төлемдер түспеген.
Күдіктілер – мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы және ХҚКО басшысының орынбасары ұсталды. Сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Күдіктілердің мүлкіне 42 млн теңге көлемінде бұғау салынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.