Қай салада заңсыз жұмыс істейтіндер көп – министр жауап берді

Қазақстанда еңбек келісімшартын рәсімдемей, жұмысқа алу жағдайлары әлі де көп
Sputnik
АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек келісімшарты аз жасалатын салаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда формалды емес жұмыспен қамту, яғни еңбек келісімшартын рәсімдемей, жұмысқа алу жағдайлары әлі де көп. Оны нақты есеп-қисап та көрсетіп отыр. 2023 жылы зейнетақы аударымдарының деректері бойынша еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңге болып шықты. Алайда ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры бұдан екі есеге артық, яғни 38 трлн теңгеден асады.
"Еңбекақы қоры бойынша деректердің ең үлкен алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады", - деді Жақыпова мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Бұдан бөлек, былтыр ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылған 1,1 млн жұмыскердің жартысынан көбі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар болды.
"Олардың жалақысы республикалық деңгейдегі орташа еңбекақыдан екі есе дерлік төмен. Бұл формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін және ауыл жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуының төмен деңгейін көрсетеді", - деп атап көрсетті министр.
Министрліктің ең жақын уақыттағы стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай әбден теңдестірілген еңбек нарығын құру. Негізгі көрсеткіштер:
экономикада сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн-ға жеткізу;
1,7 миллион адамның табысын медианды жалақыдан асыру;
формалды емес жұмыспен қамтуды 15%-ға дейін төмендету.