АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Оңтүстік Кореяның бірнеше талап қойғанын мәлімдеді. Оны орындағаннан кейін қазақстандықтар сол елге заңды жұмыс істеуге бара алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан тиісті келісімшартты рәсімдеп, Оңтүстік Кореяға жіберді. Енді сол мемлекеттің ресми органдары қол қоюы қажет. Бұдан бөлек, Корея бірнеше талап қойып отыр. Олар:
Қазақстан елшілігінде арнайы атташе лауазымын енгізу (ол адам тек заңды түрде келіп жұмыс істейтіндермен айналысуы шарт);
Кореяда заңсыз жүрген 15 мыңға жуық қазақстандықты елге қайтару;
жұмысқа келетіндердің халықаралық куәлік алуы;
"Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар қазір әуежайға барып, елге қайтатын болса, оларға қатысты ешқандай шара қолданылмайды. Ал қалып қойса, тиісті құқықтық міндеттемелер болады", - деді Жақыпова мәжілісте өткен брифингте.
Айта кетері, бұдан былай Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар екі емтиханнан өтеді. Сынақ екі бөлек жерде тапсырылады.
Алматыда орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сертификаттау орталығы болады. Ол жерде кәріс тіліне үйретеді. Ал Қонаев қаласындағы өндірістік базада тиісті мамандықтар бойынша дәріс беріледі. Оңтүстік Корея қажетті мамандықтардың тізімін өзі ұсынады. Дәл сол тізім бойынша осы елде заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат қағазы рәсімделеді.