АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілеріне үндеу жасады, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, күздің басталуымен ұсақ жол-көлік оқиғаларының қаупі артады. Ауа райы да біраз қолайсыздықтарға себеп болады. Жаңбыр кезінде жол дұрыс көрінбейді, ал жиналған судың кесірінен асфальттағы кедір-бұдырлар мен шұңқырлар көрінбей тұрады. Сондықтан кенеттен кедергілер пайда болған кезде тоқтауға мүмкіндік беретін жылдамдықты ұстаған жөн.
"Күзде температураның өзгеруіне байланысты жолда, әсіресе көпірлер мен өткелдерде мұз пайда болуы мүмкін. Жолға баса назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланбаңыз және көлік басқарудан алаңдататын әрекеттерден аулақ болыңыз. Жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, жылдам жүріс пен басып озудан аулақ болыңыз, жаяу жүргіншілерді назардан тыс қалдырмай, айналаңыздағы жол жағдайын бақылауда ұстаңыз", - дейді Боранова.
Бұдан бөлек, ауа райын үнемі қарап отырған жөн. Жаяу жүргіншілер де ауа райының қолайсыздығынан автокөліктің тез тоқтай алмайтынын есте ұстауы қажет.
"Көшеден өтпес бұрын сізге жол бергеніне көз жеткізіңіз, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз. Ішкі істер органдарының жеке құрамына қиын жағдайға тап болғандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды" – деп атап көрсетті инспектор.
Айта кетері, бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы ақылы жолдардағы ауа райы жағдайын онлайн режимде көруге болатынын еске салған болатын.