Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуға мол үлес қосуда – Тоқаев

Президент түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсаған Мақтымқұлының арманы ақиқатқа айналғанын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға ресми сапары аясында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен "Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" атты халықаралық форумға қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Президент өз сөзінде Мақтымқұлының күллі шығыс жұртына ортақ ұлы ойшыл, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.
Тоқаев Ашхабадтағы халықаралық форумда сөз сөйледі
"Мақтымқұлы Пырағы – әлем руханиятында орны бар тарихи тұлға. Сондықтан ЮНЕСКО ақын мұраларын "Әлем жады" атты халықаралық тізімге енгізген. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды "Түркі әлемінің ұлы ақыны әрі ойшылы Мақтымқұлы Пырағы жылы" деп жариялады. Бұл – барша түркі жұртының ерекше сый-құрметі екені сөзсіз. Ұйымның шешімі ақын шығармаларын халықаралық деңгейде танытуға септігін тигізеді деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал ушығып, түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті бола түсті.
"Мақтымқұлы поэзиясы терең гуманистік ойларға толы. Ақын өз шығармаларында бейбітшілік, өзара сенім мен құрмет сияқты мызғымас құндылықтарды дәріптейді. Оның әр туындысында Отанға деген шексіз сүйіспеншілік бар. Мақтымқұлы халықты басқа елдермен, яғни күллі әлеммен ынтымақта өмір сүруге шақырды. Мұны жарқын болашақтың кепілі деп түсінді", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Түрікменстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Сонымен қатар бұл шаралар сан ғасырлық тарихы бар түрікмен мемлекеттілігін нығайта түсетініне сенім білдірді.
1 / 5

"Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" форумы

2 / 5

"Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" форумы

3 / 5

"Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" форумы

4 / 5

"Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" форумы

5 / 5

"Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі" форумы

"Келесі жылы Түрікменстан тұрақты бейтараптық саясатының отыз жылдығын атап өтеді. Бауырлас жұрт осы қағидатты берік ұстанып отыр. Ұлттық бірегейлігін сақтап, елдік мүддесін қорғап келеді. Осы табанды саясатының арқасында Түрікменстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделі арта түсті. Бейтарап Түрікменстан әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мол үлес қосуда. Сондай-ақ Орталық Азия және Каспий аймағында көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялады. Бұл игі бастаманы Түрікменстан елі көтерді. Мақтымқұлы түрікмен жұртының іргелі ел болуын аңсап өтті. Бүгінде ұлы бабаның арманы ақиқатқа айналды. Түрікменстан өсіп-өркендеген мықты мемлекет болып отыр", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға тоқталып, бұл бастамалар ұлы ойшылдың мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашатынын және мәдени дипломатияны дамыта түсетінін жеткізді. Әсіресе, Астанада бой көтерген Мақтымқұлының ескерткішін екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы деп бағалады.