АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі кадрлық әлеуетті нығайту үшін соңғы екі жылда нысаналы гранттарды 2 есе ұлғайтты. Мұндай мәліметтерді орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтты.
Оның айтуынша, ауылға медициналық кадрларды тарту үшін әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді.
"Ауылдық жерлерде жұмысқа кіріскен жас мамандар көтерме жәрдемақы, ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге несие, жалақыға қосымша ақы алады. 2024-жылдың қаңтар айынан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандарға берілетін бюджеттік кредит мөлшері 2,5 мың АЕК-ке дейін немесе 9,2 млн теңгеге дейін ұлғаяды, ауылдық елдімекендер үшін 2 мың АЕК – 7,3 млн теңгеге дейін өсті", – деп атап өтті спикер.
Ауылдық жерлерге жұмысқа келетін мамандықтар бойынша медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ - 8,5 млн теңге алады. Еліміздің жетекші орталықтары мен шетелдік клиникалар базасында мамандарды үздіксіз оқыту және даярлау жүргізіледі.
Елде 5 мыңнан астам акушер-гинеколог және 9 мыңнан астам акушер жұмыс істейді. Жыл сайын олар 400 мыңға жуық жүкті әйелдің босануын бақылайды және қабылдайды. Балаларға 4 мыңнан астам дәрігер және 1 мыңнан астам неонатолог медициналық көмек көрсетеді.