АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Астанада Бейбітшілік және келісім паркі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа қоғамдық кеңістікте кеңістікте "Жұлдызды аспан" туннелі, "Өмір ағашы" ескерткіші, сондай-ақ каскадты сарқырама бар.
Жобаның негізгі идеясы – өмір ағашы. Ол үшін жапырақты емен ағашын күмбезбен қоршап қойған.
"Тұжырымдамалық табиғи-рекреациялық аймақты құру әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне орайластырылған. Саябақ тұжырымдамасы Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті білдіреді", - делінген ресми хабарламада.
Қоғамдық кеңістік Тәуелсіздік даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысында орналасқан.
Айта кетсек, жыл басынан бері қала бойынша барлығы 170 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталды.