АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Шымкентте ломбардты тонамақ болған қаскөйді құрықтаған бірінші курс студенті Ұлықбек Ахметов Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Ұлықбек Ахметов 18 жаста, Шымкентте дүниеге келген. Орта Азия университетінің бірінші курс студенті.
"Жексенбі күні оқуымның ақшасын төлеу үшін телефонымды ломбардқа өткізіп тұр едім. Оқиға сол сәтте болды. Телефонымды тапсырып тұрғанда ол бала кіріп келіп, "ограбление" деп тапаншасын кезеді. Мен "сен шынымен істеп тұрсың ба?" деп сұрап едім, "иә, бұл ограбление" деп айқайлады. Мен оны ұрып, тапаншасын тартып алуға тырыстым", - дейді Ұлықбек Ахметов.
Сол сәтте Ұлықбек шалт қимылдап, қаскүнемді ұра бастаған. Оны жерге құлатқанда Ұлықбектің досы қолындағы тапаншасын алып лақтырып жібереді. Артынша дереу полиция мен күзет агенттігінің қызметкерлері келген.
"Отырғызғаннан кейін бетіндегі маскасын шешіп көрдім, жас бала, мен қатарлы 18 жаста. Ол да студент екен", - дейді Ұлықбек.
Ұлықбек Ахметов оқуына жылына 360 мың теңге төлейді екен. Оқып жүріп қосымша көлік жуатын жерде нәпақасын тауып жүр.