АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. 2025 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей декларация тапсырудың соңғы кезеңі басталады. Бұған дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сала қызметкерлері, одан кейін кәсіпкерлер есеп берсе, соңғы кезеңде халықтың басқа санаттары, яғни, жеке тұлғалар декларация толтыруға міндеттеледі. Sputnik Қазақстан жалпыға бірдей декларация тапсыру тәртібін ұсынады.
Салықшылар не дейді?
Жалпыға бірдей декларациялауға Қазақстан аумағында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көліктерін қоспағанда жеке тұлғаның барлық активі, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі жатады. Зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар да жалпыға бірдей декларациялауға жатады.
Бұған дейін мүлік ретінде тіркелген пәтерлерді, қала сыртындағы үйлерді немесе автокөліктерді декларацияға енгізудің қажеті жоқ. Бүгінде барлық мемлекеттік органның ақпараттық базалары бір-біріне қосылған. Сондықтан мемлекеттік кірістер комитеті қажет болған жағдайда бұл мәліметті кез келген уақытта ала алады.
2025 жылы 1 қаңтардан бастап барлығы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 формасы) тапсырады. Артынан жыл сайын мүлік пен кірістер туралы декларацияны (270.00 формасы) толтырып отыру қажет.
Декларацияда нені көрсету керек?
Декларацияда шетелдегі активтер туралы мәліметтер толыққанды болуы тиіс. Себебі көрсетілетін активтердің құны болашақта салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады. Декларацияда көрсетілетін шетелдегі мүлік пен активтер:
жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері және үлестік құрылысқа қатысу;
инвестициялық алтын және бағалы қағаздар;
көлік (ұшақтар, яхталар және тағы басқа, егер олар шетелде тіркелген болса);
банктік салымдар, егер олардың жалпы сомасы айлық есептік көрсеткіштен мың есе асатын болса;
Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
зияткерлік меншік және авторлық құқық нысандары (кітаптар, әндер, картиналар, патенттелген өнертабыстар және т.б.).
Ал қолма-қол ақша белгілі бір соммадан аспауы керек. Атап айтқанда, декларациядағы сома 10 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (шамамен, 35 млн теңге) артық болмауы қажет. Қалған ақшаны банк шоттарында сақтау керек.
Қандай құжаттарды дайындау қажет?
Ал декларацияны толтырмас бұрын бірнеше құжатты дайындап қойған жөн. Олар:
мүлікті растайтын құжаттар;
құны 1000 АЕК-тен (3,5 млн теңге) асатын мүлікті тәуелсіз бағалау;
қарыз 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін берілген жағдайда нотариустардан қарыз шарттарын куәландыру.
Мәселен, "басқа мүлік" ұғымына кіретін қымбат зергерлік бұйымдар, антиквариат жиһаздар, бағасы қымбат заттардың коллекциясы және тағы басқасына тәуелсіз бағалау жасап алған дұрыс. Салықшылардың айтуынша, ондай құжаттар артынан құны ресми кірістен асатын қымбат дүние сатып алған жағдайда керек болады.
"Мысалы, азамат құны өз табысынан жоғары мүлікті, мысалы, пәтерді сатып алу үшін бұрын 250-ші үлгіде көрсетілген қандай да бір мүлікті сатқанын құжат түрінде растай алады. Сонда салық қызметкерлері қажетсіз сұрақтар қоймайды", - дейді мамандар.
Мұндай активтерді декларациялаудан бұрын алдыңғы жылда бағалау қажет. Ал бағалау нәтижесі бойынша барлық мәлімет декларацияға енгізіледі.
Декларацияны қалай тапсырады?
Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын бірнеше сайт арқылы тексеруге болады. Олар:
Бағалы қағаздар бойынша: portal.kacd.kz;
тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша homeportal.kz;
зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша gosreestr.kazpatent.kz;
сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша egov.kz
Жеке тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 СЕН) электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz) және "E-Salyq Azamat", "eGov mobile" және банктердің мобильді қосымшалары арқылы ұсына алады.
Декларацияны толтырғаннан кейін салық төлеушілер декларацияға ЭЦҚ арқылы немесе SMS-кодты енгізу арқылы қол қоя алады.
Балалар үшін декларация тапсыру керек пе
Әрбір адам декларацияны өзі үшін тапсырады. Ал кәмелет жасқа толмаған баланың атында мүлік болса, ол үшін декларацияны заңды өкілі жібере алады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар үшін есеп берудің қажеті жоқ.
Декларацияда қате мәліметтер кетіп қалса, оны түзетіп алуға болады. Ол үшін қосымша декларация жіберіледі.
Декларацияның тапсырмағаны үшін қандай жаза қарастырылған
Салықшылар декларацияны соңғы күнге қалдырмауға кеңес беріп отыр. Себебі оны уақытында тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Декларацияны тапсырмаған адамған алдымен ескерту жасалады. Ал заңбұзушылық қайталанса, 15 АЕК (2024 жылы - 55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Декларация қағаз жүзінде немесе электронды үлгіде 15 қыркүйекке дейін тапсырып отыру қажет.