АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Ұлытау облысының әкімі қызметіне екі адамның кандидатурасы ұсынылған. Облыстық мәслихат депутаттарының басым бөлігі Дастан Рыспековты қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов пен президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Ұлытау облысы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты.
"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың қарауына облыс әкімі лауазымына Дастан Рыспеков пен Ұлантай Үсеновтің кандидатураларын ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесіне сәйкес 64 депутаттың 49-ы Дастан Рыспековтің кандидатурасын қолдады, 15 депутат өз дауысын Ұлантай Үсеновке берді", - делінген ресми хабарламада.
Осылайша Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Ал премьер-министр облыстың бұрынғы басшысы Берік Әбдіғалиұлына өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Ұлытау облысы басшылығының алдында қойылған негізгі міндеттер:
экономиканы әртараптандыру;
жаңа өндіріс орындарын ашу;
инвестициялық ахуалды жақсарту;
инфрақұрылымды жаңғырту;
экология мәселелерін шешу;
көлік және туристік әлеуетті барынша дамыту.