АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Шымкент қаласында майнинг фермасын ұйымдастырған екі адам сотталды. Олар бір жылдың ішінде заңсыз 100 млн теңге тапқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Майнинг фермасы былтыр сәуір айында ашылған. Содан 2024 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеген. Осы уақыттың ішінде 100 млн теңгеден астам заңсыз пайда тауып үлгерген. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 370 млн теңге болатын 1000 дана ASIC майнерлер (биткоин өндіру жабдығы) мен заңсыз өндірілген цифрлық активтер (биткоиндар) тәркіленді.
Сот үкімімен біреуі 2 жылға сотталса, екіншісі 2,5 жылға бас бостандығынан шектелді.
Агенттік жыл басынан бері қылмыстық табысы 400 млн теңгеге жуықтаған 4 заңсыз майнингтік ферманы анықтады. Ал заң бойынша ондай кәсіппен айналысу үшін лицензия алу қажет.