2027 жылы Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионаты өтеді

Сонымен қатар Қазақстанда Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының өкілдігі ашылады
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 қазан – Sputnik. 2027 жылы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда өткізіледі. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарламада.
Министр Будапешке сапарында Халықаралық Дзюдо Федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен маңызды кездесу өткізді.
"2027 жылы дзюдодан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы келісімге келдік. Бұл еліміз үшін үлкен абырой, әрі қазақстандық спортшылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Өйткені чемпионат Лос Анджелес олимпиадасының қарсаңында өтеді", - деп атап өтті Мырзабосынов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Халықаралық дзюдо федерациясы академиясының өкілдігін Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Министр бұл бастама біздің спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыздың кәсіби деңгейін көтеруге үлкен септігін тигізеді деп есептейді.