Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды

Sputnik
АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары “Қазақстан үкіметі мен Қатар үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, Қатар біздің араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі болып саналады. Әскери салада болашағы зор бағыттар да бар.

“Келісімді ратификациялау тараптарға әскери білім беру және әскери медицина, мәдени және спорттық шаралар, бейбітшілікті қолдау операциялары, жауынгерлік даярлық, сондай-ақ өзара келіскен салаларда әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді”,- деді Ахмедиев мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, Қатар әскерилері Қазақстандағы әскери полигондарды да пайдалана алады. Сол үшін ақша төлейді. Осы уақытқа дейін Қазақстан тура сондай 20-ға жуық келісімді рәсімдеген.
Мәжіліс депутаттары келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады.
Айта кетері, Қазақстан үкіметі мен Қатар үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім былтыр желтоқсан айында рәсімделген болатын. Заң бойынша ондай құжатты парламент палаталары ратификациялауы қажет.