АСТАНА, 8 қазан - Sputnik. Ақтөбе тұрғыны өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері деген алаяққа қомақты қаражатқа алданып қалды, деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.
Ақтөбе тұрғыны Whatsapp месенджері арқылы танысынан хабарлама алған. Хабарламада күмәнді операцияларға байланысты, оның шотына тексеру жүріп жатқаны және оған Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қоңырау шалатыны ескертілген.
"Біраз уақыттан кейін оған өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалған. Ол арнайы операция жүргізіліп жатқанын және қылмыскерлерді ұстау үшін өз атына несие рәсімдеп, ақшаны қауіпсіз шотқа салу керектігін айтқан", - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленуші қоңырау шалушының барлық шарттарын орындап, несие ресімдеген және ұсынылған шоттарға шамамен 6 миллион теңге аударған. Кейінірек ол алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді.
Ақтөбе полициясы департаменті қызметтік міндеттерін атқару кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаматтарға қандай да бір қаржылық операциялар жүргізуді ұсынуға өкілеттігі жоқ екенін еске салады.
Мұндай жағдайға тап болғанда, сөйлесуді/хат алмасуды дереу тоқтатып, 102 телефоны бойынша полицияға хабарласу керек.