"Қымбат екен, шетелдікін аудара саламыз": отандық анимация неліктен дамымай жатыр

Анимациялық туындылар бренд болып әлемдік нарыққа шығу үшін мемлекеттен тұрақты, жүйелі қолдау керек, дейді мамандар
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Отандық анимацияның адымын аштырмай тұрған нендей проблема бар? Сапалы мультфильмдер қашан көбейеді? Sputnik Қазақстан тілшісі аниматорлармен тілдесіп, осы сұрақтардың жауабын білді.
2022 жылы "Қазақфильм" киноностудиясы жанынан "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігі ашылып, оған мемлекеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінген.

Қазақстан аниматорлары шетелдіктерден кем емес

Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы, анимациялық кинорежиссер Жәнібек Оразалының айтуынша, Қазақстан аниматорлары шетелдік әріптестерімен үзеңгі қағыстыра алады, оған қауқар да, кәсіби шеберлік те жетеді.
"Біздің анимациялық фильмдер бәсекеге дайын. Мысалы, "Мұзбалақ" фильмі Германия, Израиль, Ресей, Франция, Үндістан, Түркия қатарлы әлемнің алты елінде өткен байқауда түрлі аталым бойынша бас жүлделерді алды.
Маржан Жұбаныш есімді жас режиссер анасы Үміт жұбаныш екеуі өз қаржысына үш жыл бойы "Шаңырақтың иесін іздеп жүрміз" атты фильм жасады. Бұл шығарма Жапонияда Токио фильм фестивалінен бас жүлде алды. Англияда өткен мыңнан астам жобаның ішінен он үздік анимациялық фильм қатарына енді. Режиссер Дилшат Рахматулиннің "Бесік жыры" анимациялық фильмі де Түркия, Англия елдерінен жүлделі оралды. Айта берсек мұндай жетістіктеріміз баршылық. Жалпы шетелдік аниматорлардан еш кем емеспіз", - дейді Жәнібек Оразалы.
Режиссер Дилшат Рахматулинның "Бесік жыры" анимациялық фильмі де Түркия, Англия елдерінен жүлделі оралған.
"Жақында ғана Испания елі Мадридте өткен фестивальде 1500 фильмнің арасында үздік атанды. Сонымен бірге менің студентім Линара Миргалиеваның 2023 жылы дипломдық жұмысы атақты Cannes short film фестиваліне өтті. Бұлар қазір есіме түсіп отырғандары ғана. Ал Америка, Жапония, Еуропа, Ресей елдерінен арнайы тапсырыстар алып, жұмыс істеп жатқан студиялар мен жекелеген мамандар да өте көп. Сондықтан біздің анимациялық туындылар әлемдік брендке айналған фильмдермен бәсекеге түсе алады. Ал бренд болып әлемдік нарыққа шығу үшін мемлекеттен тұрақты, жүйелі қолдау керек", - дейді Жәнібек Оразалы.

Шетелдің дайын мультфильмдерін аудару арзанға түседі

Анимациялық фильмді жасау үшін бір кейіпкердің 1 секундтық қимылына 24 кадр сурет салынады. Дәл осындай 5 секундтық дүниеге маман бір апта уақыт жұмсайды, тіпті, ол айларға созылады. Бір толық метражды мультфильмді жасауға 3 жыл кетеді. Сөздің қысқасы машақаты көп еңбек. Бұған қоса сұраныс артып тұрған уақытта үлгеру керек.
"2009 жылдары дипломды қолға алғаннан кейін жобамызды алып, бірқатар телеарнаны жағаладық. Кейбір телеарна басшыларына кіріп, ең төменгі бағамен "10 минуттық дүниені 200 мың теңгеден істеп берейік" деген кезімізде "қымбат екен, бізге шетелдің дайын мультфильмдерін алып, қазақшаға аударып берген тиімді" деп жауап берді. Бұл қазір де бар", - дейді Жәнібек Оразалы.

Бірнеше жылда санаулы ғана мультфильм түсірілген

Анимациялық кинорежиссердің айтуынша, шетелдіктердің жаңа туындысы тым қымбатқа түседі, жаңа анимацияны олар бірінші өз балаларына көрсетеді. Бізге өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары түсірілген ескі фильмдерін ұсынады. Не болмаса, осыдан 5-6 жыл бұрынғы туындыларын береді.
Жалпы Қазақфильмдегі "анимациялық кино" шығармашылық бірлестігі ертеректе ашылғанымен жұмыс бірде бар, бірде жоқ болған, тіпті 2013-2017 жылдары мүлдем тоқтап қалған.
"2017 жылы ғана екі толық метражды анимациялық фильм түсірілді. Одан кейін қысқа метражды бір сериал шықты. Ұлттық киноны қолдау орталығы 2019 жылы құрылғанымен бүгінге дейін бес жылда оннан астам ғана қысқаметражды анимациялық фильм жасады, бірде-бір толық метражды анимациялық фильм шығара алмады. Ал "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігінің толықметражды анимациялық кино шығаруға да, сериал түсіруге де құқығы жоқ екен. Себебі ол ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы ғана іске асуы керек екен. Бұл бізге үлкен кедергі", - дейді Жәнібек Оразалы.

Қазақ анимациясының проблемасы қандай?

Қазақ анимациясының жеке ғимараты жоқ, өйткені бөлек сала емес. Бұнымен қоса конкурс өткізгенде де мәселелер туындап қалады.
"Анимациялық кино өнері өз алдына бөлек сала. Соған орай, анимациялық сценарий, режиссура, қоюшы суретшінің жұмыстары, техникалық мамандар мен аниматорлардан жасақталған дербес арнайы комиссия мүшелері болу керек. Көркем кино мамандарынан жасақталса түсініспеушіліктер туындап, анимацияның дамуы шектеледі. Бұған дәлел, кино орталықтың питчингіне қатарынан екі жыл ұсынылып өтпеген "Сақ" студиясының "Айбынды аула" жобасы біздің "Қазақ анимациядан" қолдау тауып, 20 жобаның ішіндегі ең үздік туынды болып шықты. Ал Astana film жастар кино студиясының "Бала ғарышкер" атты толық метражды анимациялық фильм жобасы төрт жыл бойы ұлттық киноны қолдау орталығына өте алмады. Жеке демеушілердің қолдауымен бұл мультфильм жасалып жатыр", - дейді Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы, анимациялық кинорежиссер Жәнібек Нұрбекұлы.

Жапония анимациясына қыруар қаражат салады

Бұл аздай, анимациялық кино мамандарын дайындайтын екі жоғары оқу орнындағы ұстаздар әлемдік анимациялық технологияларды игеру талаптарына ілесе алмайды, қолдау болмайды, білікті ұстаздар жоқ. Сөздің қысқасы, аниматорлар "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігі бөлек шаңырақ болып құрылуы заманның талабы дейді.
"Жапонияда анимация саласынан түсетін қаржы біздегі мұнайдан табатын қаржыдан әлдеқайда қомақты. Бізде де сол деңгейге жетсек қой деп армандаймыз. Ол арманға да жетеміз! Біздегі студиялар әлем елдеріне арналған мультфильмдер түсіріп, оны брендке айналдыруға мүмкіндік бар. Өйткені оған қажетті маман да, база да жеткілікті. Талантты жастар өте көп. Тек мемлекет жағынан жыл сайын 1 млрд-тан тұрақты, жүйелі түрде он жылдық қолдау керек. Сонда "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігінде өндірілетін анимациялық фильмдерді қаржылық қолдауды үш жыл қатарынан 100 пайыз, одан соң тағы екі жыл 75 пайыз, содан кейінгі үш жылға 50 пайыз және екі жыл 30 пайыз қолдау көрсетсек жеткілікті болар еді", - дейді Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы.

"Аю мен Маша": 3 серияның құны 1 млрд теңге

"Биыл бізге 500 миллион бөлінді. Бірақ бұған да шүкір дейміз. Бәріңіз білетін "Маша и медведь" сериалының әр сериясы 15 минуттан тұрады. Оның үш сериясының бюджеті 1 млрд теңгеден көп. АҚШ, Қытай, Европа елдерін айтпай-ақ қояйық! Біздің еліміз кедей емес. Жоғарыда айтқанымдай мемлекет анимацияға 1 млрд теңгеден он жыл бөлсе, осы сала әп-сәтте дамып шыға келер еді", - дейді Жәнібек Оразалы.
Анимацияны оқығысы келетін түлектерге де грант өте аз бөлінеді.
"Бұрын бір жылға 2-3 грант қана бөлінсе, соңғы жылдары 20-30 студентке 6-7 грант бөліне бастады. Бұл да аз болып тұр. Жоқ дегенде, оқуға түсуге келген талапкерлердің 50 пайызына грант бөлінсе деп ойлаймыз", - дейді басшы.

Футболдың жарнамасы – 2 млрд, мульфильмге – 500 млн

Отандық телеарналардан ұлттық анимациялық фильмдерді жалғыз "Балапан" арнасы ғана көрсетеді. Бірақ оның өзі алты жасқа дейінгі көрерменге ғана арналған. Ал 6-12 жастағы қазақстандық көрермендердің шетелдік арналарды көруден басқа амалы жоқ. Сайып келгенде барлығы қаражатқа келіп тіреледі.
"Ең бастысы мемлекеттен тұрақты қолдау керек. Жақында телеарнаны қарап отырсам, футболдың жарнамасына ғана бір жылда 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді екен. Жалпы басқа салаларға да ақша қомақты бөлінеді. Ал ұрпақ тәрбиелейтін мультфильмге жылына 500 млн теңге қаржы бөлінеді. Кеңес үкіметіндегі "Союз мультфильм" сияқты "Қазақ анимациясы" бөлек шаңырақ болып шығу керек. Қаржы бөлінбейді емес, бөлінеді. Бірақ бір жыл ақша бөлінсе екінші жылы берілмейді, 2-3 жыл ақша берілсе, сосын тағы берілмей қалады", - дейді Жәнібек Оразалы.

Қытай қолдаған қазақ мультфильмі қазаққа неге жақпады?

Қазақстандағы анимациялық студияның көпшілігі шетелге жұмыс істейді, өйткені ақша керек. Ұлттық құндылықты дамытқысы келген от кеуделі отандық аниматорлар қазіргі күні күнкөрістің қамымен жүр.
Жаңа жылда "Алтын адам" мультфильмі көрерменге жол тартады. Бірақ бұл туындыға 5 жыл уақыт кеткен, 5 жылда небәрі 1 жыл ғана жұмыс істелген. Салдарынан аниматорлар дауласып, іс сотқа дейін барды. Айтпақшы қазақстандық аниматорлар Қытай мамандарымен бірігіп, толық метражды "Жібек жолының қорғаушысы" мульфильмін қолға алған. Қытай жақ мульфильмді жасауға белсене кіріскен, ал қазақстандық тарап байқаудан өткізбеген. Себебін сұрап едік, Жәнібек Оразалы бұл туралы жыр көп дейді.
"Қазақстан талай шетелдік әріптестерімен бірігіп бұл саланы дамытып келеді. Солардың бірі - Astana film жастар киностудиясы Қытаймен бірігіп "Жібек жолының қорғаушысы" мультфильмін жасағалы жатыр. Өкініштісі 2023 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығында конкурстан өтпеді. Бірақ Қытай мемлекеті бұл жобаны қолдаймыз деп келісім беріп отыр, бұл толық метражды 90 минуттық мультфильм 4 жыл жасалады", - дейді анимация саласының башысы.
Қазақстандағы мемлекеттік анимацияларда проблема көп, дейді "Реанимация" шығармашылық бірлестігінің режиссері, суретшісі, продюсері, "Аlmaty Animation Festival" арт-директоры, өнер магистрі, оқытушы Иван Ардашев.
"Қазақстандағы анимация сапасы нашарлап кетті. Тағы бір проблема – көптеген жоба жарыққа шықпай қалады. Аздаған ақша бөлінеді, ондай жұмыстарға студенттерді алады, не оларға ақша төлемейді, келісімшарт жасамайды. Анимация саласындағы жастарға қолдау жоқ. Салдарынан сапасыз мультфильмдер жасалып жатыр", - дейді Иван Ардашев.
Оның айтуынша, бұл саладағы режиссер, продюсер және сценарий жағы қатты ақсап тұр.
"Анимация саласына сұраныс өте жоғары. Бірақ қаржы жоқ. "Балапан" арнасының аясында ғана шектеліп тұр, бұл арзан жоба. Қазіргі күні тәуелсіз авторлар өте сапалы жұмыс істейді, олардың жұмысы ТМД елдеріне шығып жүр. Ал мемлекет қаражатына анимация жасау қиын. Қаражат кері қайтарылмайтындықтан сапалы жұмыс атқарылмайды. Анимация саласына түбегейлі өзгеріс керек. Өйткені қазақстандық анимация бір орында тұралап тұр. Өкініше орай бұл салада жемқорлық бар", - дейді "Аlmaty Animation Festival" арт-директоры.
Түрік анимациялық ассосациясы (АТА) түрік елдері анимациясын дамытуды қолға алған.
"Түрік анимациясына сұраныс барынша артып бара жатыр. Қазіргі күні европалық мультфильмдерге деген қызығушылық төмендеді. Әр ұлт өзінің құндылығын көрсетуге бет бұрған. Осы орада Түрік анимациясы түркі елдерінің ұлттық құндылықтарын дәріптемек, бұл үшін қаражатты да қомақты жұмсағалы жатыр. Бұл көрермендер үшін үлкен жаңалық", - дейді Иван Ардашев.