АСТАНА, 8 қазан - Sputnik. Қазақстан атом электр станцияларының құрылысы кезінде санкциялық мәселелерді ескереді. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Ол үкіметтегі брифингте жобалау барысында ықтимал саяси сын-қатерлер пайда болған жағдайда ескерілетінін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан үкіметі жаңа станцияда өндіруші елдердің – өз саласындағы көшбасшылардың жаңа жобалық шешімдері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етуге мүдделі, деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
“Мұны мен емес, арнайы жобалық топ жасайды. Ал ықтимал сын-қатерлер пайда болуына қарай, яғни жобалау процесінде қарастырылады. Егер қандай да бір жағдай туындаса, әртүрлі компаниялармен және елдермен жасалған келісімшарттарда “санкциялар туралы тармақ” қарастырылады. Бұл заңды техника”, - деді Скляр.
Қазақстан АЭС құрылысының мердігерлері мен технологияларын таңдау мәселесін 2025 жылы шешеді.
“Келесі жылы бұл мәселе бойынша нақты жауап болады: бұл консорциумның мүшелері кім болады, құжаттама қашан әзірленеді, мердігер мен жобалаушы туралы шешім қашан қабылданады...”, - деді Скляр.
Бірінші вице-премьер мәлімдегендей, халықаралық компаниялар техникалық-экономикалық негіздемені бір жыл ішінде әзірлейді, ал жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жарым жыл қажет. Осыдан кейін ғана атом электр станциясының құрылысы басталады.
Атом электр станциясына кім қызмет көрсетеді деген сұраққа энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев кадрларды даярлау бойынша арнайы оқу бағдарламасы әзірленетінін айтты. Нысанға қазақстандық мамандар қызмет көрсетеді.
"Біліктілігі жоғары мамандардың, халықаралық біліктілігі бар барлық деңгейдегі инженерлердің тобы дайындалады", - деді Сәтқалиев.
Бұған дейін айтылғандай, атом электр станциясының құрылысы 10 жылға созылады. Мерзімнің мұндай болуы ауқымды жобаға талаптардың қатаңдығына байланысты. Ал қауіпсіздік өте маңызды, деді Роман Скляр. Жобалау да көп уақытты алады.
“10 жыл өткен сайын бастапқы есептелген шығын өсетіні анық. Инфляцияға, материалдар бағасының өсуімен және тағы басқаға байланысты. Бағаны көтерудің әлемдік тәжірибесі біздің білуімізше 50%-ға дейін жеткен. Дегенмен бұл коммерциялық құпия екенін және көптеген ел нақты соманы айтпайтынын ескеру керек. Ал нысан ұзақ уақыт бойы салынатындықтан, оның құны бастапқыда ағымдағы бағамен есептеліп, кейін өседі", - деді Роман Скляр.
Ол сондай-ақ 2025 жылы мердігерге қатысты шешім қашан қабылданатыны нақтырақ болатынын айтты. Халықаралық стандарттар бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бір жыл, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жарым жыл қажет және бұл ең қысқа мерзім, деді премьер-министрдің бірінші орынбасары. Содан кейін ғана атом электр станциясының құрылысы басталады. Бұл үлкен жауапкершілік, деді Роман Скляр.