АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Қарағанды облысында Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өрт сөндіруші қаза тапты, деп хабарлайды ТЖМ.
Оқиға 6 қазанда болған. № 24 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы 1991 жылы туған Хали Хайрат көз жұмды.Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.
"Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.
Еске салсақ, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы дала өрті 3 мың гектар аумақты шарпыды. Төрт адамды күйік шалды. Өртті сөндіру кезінде үш өрт сөндіруші мен бір ауыл тұрғынын күйік шалды, олар Қарағандыға тікұшақпен жеткізілді.
Өрт Қарағанды облысы Қоянды ауылының маңынан шықты – онда құрғақ шөп өртенген.