АСТАНА, 7 қазан - Sputnik. Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан үстел теннисінен XXVII Азия чемпионатының жалауы желбіреді.
Чемпионатқа Азия құрлығының 26 елінен келген 210 спортшы қатысып жатыр, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
"Кейінгі бірнеше жылда жерлестеріміз халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Олардың қатарында үш Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған Кирилл Герасименко, әлем біріншілігінің жеңімпазы Алан Құрманғалиев және басқа да спортшыларымыз бар. Бұл чемпионат – біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл Азия үшін маңызды оқиға", - деді вице-министр Серік Жарасбаев сайыстың ашылу салтанатына.
Елордадағы біріншілікте әлемнің үздік ойыншылары, соның ішінде Олимпиада чемпионы Ван Чуцинь (Қытай), күміс жүлдегерлер Мива Харимото мен Миу Хирано (Жапония), сондай-ақ Олимпиаданың алтын жүлдегері Сунь Инша (Қытай) бақ сынайды.
Бұл сында ел намысын Рио-2016, Токио-2020, Париж-2024 Олимпия ойындарының қатысушысы Кирилл Герасименко, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қатысушысы Анастасия Лаврова, миксте жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Алан Құрманғалиев, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жүлдегері Сарвиноз Миркадирова мен Зауреш Акашева қорғайды.
Айта кетері, үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты 13 қазанға дейін жалғасады. Жарыстар күн сайын 10:00-21:00 аралығында өтеді.