АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. АЭС құрылысы бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көктемгі су тасқыны иуралы сұрақ қойылды.
Журналистер президенттен биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғанын сұрады.
Мемлекет басшысы мұндай табиғи апат тек елімізде ғана емес, әлемнің бірқатар өңірінде болғанын атап өтті.
"Қорытынды жасалды. Дегенмен, мұндай табиғи апат жер шарының барлығын дерлік шарпығанына назар аударыңыздар. Таяуда ғана Орталық Еуропада алапат су тасқыны орын алды. Оған дейін АҚШ-та өте қатты дауыл соқты, Вьетнамда да болды. Мұндай табиғи апатты болжау өте қиын, бірақ біз оған дайынбыз және алдын алу шараларын міндетті түрде қабылдау қажет. Сондықтан да шаралар қабылданды. Байқасаңыздар, Қазақстан бұл проблеманы өзгенің көмегінсіз еңсере алды. Біз қаржылық да, адами да ресурстарды шоғырландыра алдық. Үкімет пен әкімдіктердің белсенді жұмысының арқасында барлық салдарын еңсере алдық. Қалай дегенде де, су тасқыны кезінде зардап шеккендер жаңа баспана алды. Мен көмектен ешкім де тыс қалмайтындығына уәде бердім және негізінен біз бұл тапсырманы орындадық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.