Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді
Sputnik
АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту келешегін талқылады.
"Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Қазақстан президентінің биыл тамыз айында Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы түрде жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді", - деп жазылған хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы Тәжікстан президентінің екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады.