АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров Астанада Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
Ол жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріліп қана қоймай, қысқа бағдарламада жеке рекорд орната алды. Қазір ол 95,50 ұпайға тең.
Еркін бағдарламаны орындағаны үшін Шайдоров төрешілерден 166,83 ұпай алды. Барлығы 262,33 ұпай жинады.
Екінші орын әзірбайжандық Владимир Литвинцевке бұйырды – 246,00. Ника Эгадзе (Грузия) қола жүлдені жеңіп алды – 242,43.
3-5 қазан аралығында мәнерлеп сырғанаудан "Denis Ten Memorial Challenge 2024" V халықаралық турнирі өтті. Оған 31 елден 120-дан астам спортшы қатысты.