АЛМАТЫ, 5 қазан - Sputnik. Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжыда ондаған жыл білім саласына өз үлесін қосқан Ғазиз Сәрсебеков Sputnik Қазақстан тілшісіне өз пікірін айтты. Қазіргі оқушы қандай, білім саласын дамыту үшін не істеу керек?
Оң қолым кем болды
Ғазиз Сәрсебеков 1993 жылы Ұйғыр ауданы Шарын ауылында дүниеге келген. Ғазиздің мұғалім біткеннен ерекшелігі - денсаулығында. Соған қарамастан білікті маман білім саласына табанды үлес қосып келеді.
"Дүние есігін ашқанда оң қолым шынтағымнан төмен болмады, яғни оң қолым жоқ", - дейді Ғазиз Сәрсебеков.
Десе де, ұстаздың өмірлік ұстанымына бұл еш кедергі болмаған. Аудандық және облыстық олимпиадалардың бас жүлдегері, математикадан облыстық педагогикалық идея олимпиадасының "Ең үздік идея" номинациясының иегері. Ғазиз - спорттан да талайды шаң қаптырған азамат. Аудандық, облыстық параолимпиаданың алтын медаль иегері, ал республикалық жарыста қола жүлдені жеңіп алған.
Ғазиз Сәрсебеков
"Жалпы ұстаз болу, білгеніңді өзгеге үйрету - бала күнгі арманым. Маман болу бір басқа, сол мамандықты сүю бір басқа. Жалпы баламен жұмыс істеген өте қызықты, әрине ауыр, өте жауапты, өйткені адамды тәрбиелейсің. Сен тәрбиелеген адам өмірден орнын табу керек. Мамандыққа қатысты өкінішім, әттеген-ай деген кездер ешқашан болған емес", - дейді ұстаз.
Өкінішке қарай, балалар жалқау
Педагогтың айтуынша, білім алам деген балаға қазір барлық жағдай бар.
"Өкінішке қарай, оқушылар жалқау. Жалпы өте жақсы оқимын деген оқушыға барлық жағдай жасалған. Балалар кез келген жетістікке жылдам әрі оңай жеткісі келеді", - дейді ол.
Өмірімді қайта берсе, тағы да ұстаз болар едім
Ғазиз ұстаз өзі туралы мамандық таңдаудан қателеспеген адаммын дейді.
Ғазиз Сәрсебеков отбасымен
"Егер өмірімді кейінге шегерсе, дәл осылай бастар едім. Мүмкін музыканы да қоса меңгерер ме едім, бірақ ұстаз болып қалушы едім. Өйткені мұғалімдіктен басқа мамандықта өзімді еш елестете алмаймын", - дейді.
Білімді базарға айналдыруға болмайды
Оның айтуынша, білімді саудалауға болмайды.
"Білімді ешбір ақшаға сатып алуға келмейді. Ол өте қымбат, оның құны жоқ. Білім саласын жетілдіру үшін білімді саудалап, базарға айналдырмау керек және кейбір қажет емес бағдарламаларды тоқтату керек. Сондай-ақ сапалы мұғалім қалыптастыру керек", - дейді ұстаз.
Біз - мүмкіндігі шегінен тыс адамдармыз!
Ол өзінің денсаулығына қатысты да пікір білдірді.
"Қоғамда мүмкіндігі шектеулі деп мүмкіндікті шектеуге болмайды. Керісінше мүмкіндігі бар адамнан да артық дүниені жасай алатын мүмкіндігі шегінен тыс адам деп айтар едім", - дейді Ғазиз Сәрсебеков.
Қазіргі күні Ғазиз Сәрсебеков аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығын басқарады. Орталық 2022 жылы ашылған.
Ғазиз Сәрсебеков
Екі жылдағы жетістік
"Ауданда шығармашылық орталық 1995 жылы жабылып қалған. Содан бері білім мен өнерді қатар алып жүретін балаларға арналған орталық болмаған. Қазіргі күні 600-дей оқушы, 60 мұғалім бар. Баланың дарыны мен жеке қабілетін ашатын мықты мамандар қызмет етеді. Ашылғанына үш жыл, ал небәрі екі жылда оқушыларымыз облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жатыр", - дейді Ғазиз Майбекұлы.
Ғазиз Сәрсебековтың білім саласындағы еңбек өтілі - 9 жыл. Мамандығы - математик.