Жамбыл облысында жылына 30 миллион дана жұмыртқа шығаратын инкубатор іске қосылды

Жоба құны 8,2 млн долларды құрайды
Sputnik
АСТАНА, 4 қазан - Sputnik. Жамбыл облысында жылына 30 миллион дана жұмыртқа өндіретін инкубатор іске қосылды, деп хабарлады Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жаңа кешеннің құны 4 миллиард теңгені (8,2 миллион доллар) құрайды. Инкубаторды іске қосу жергілікті компанияның өңірдегі құс шаруашылығын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болды.
2022 жылы құс фабрикасы ашылса, 2023 жылы қуаттылығы жылына 96 мың тонна жем шығаратын зауыт пайда болды.
“Жамбыл облысында құс өсірумен айналысатын 5 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Құс етін өндірумен “Әулие-ата Феникс” ЖШС, “Алель-Агро”, “Қордай құс” және “БМ Агропродукт”, ал жұмыртқа өндірумен “Аса-Даму” ЖШС айналысады”, - деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жыл басынан бері облыста 12,8 мың тонна құс еті өндірілді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық. Жұмыртқа өндірісінің өсімі 3% немесе 89,5 млн. жұмыртқа. Бұл ретте 475,9 тонна құс еті экспортқа шығарылды.