ЕАЭО елдері тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 40 мыңға жуық іс-шара өткізді

Sputnik
АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің 2023 жылға арналған тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимылдар бағдарламасын іске асырудағы жұмысына мониторинг нәтижелерін бекітті. Бұл нәтижелер комиссия ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп дайындаған есепте қамтылған, деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.
"ЕЭК Техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкий мәлімдегендей, барлық жоспарланған іс-шара аяқталды, оның ішінде Комиссия алқасы бірқатар ұсыным қабылдады және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы пікірлерін зерделеу үшін әлеуметтік зерттеу жүргізді. Одақ елдерінде 40 мыңға жуық ақпараттық-танымдық іс-шара өткізілді, оған ЕАЭО мемлекеттерінің 60 миллионнан астам азаматы қатысты", - деп жазылған хабарламада.
ЕАЭО елдерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы 2022 жылғы маусымда қабылданған және 2025 жылға дейін күшінде болады. Бағдарлама іс-шараларын жүзеге асыруға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен іскер топтар қатысады.
Тұтынушылардың мүдделерін есепке алу механизмін қалыптастырудың ұйымдастырушылық негізін құру, елдердің осы саладағы ортақ тәсілдерін әзірлеу, уәкілетті органдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды дамыту, азаматтардың танымын арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, ұтымды және тұрақты тұтыну дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ тұтынушыларға қатысты трансшекаралық дауларды шешу тетіктерін құру бағдарлама аясындағы мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысының негізгі бағыттары болып табылады.
2023 жылы комиссия бекіткен "Сауатты тұтынушы – жауапты бизнес" жалпы тақырыбы аясында Одаққа мүше мемлекеттерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілді.