Астанада жүк көлігінің жүргізушілеріне 100 млн теңге айыппұл салынды

Қыркүйектің ортасынан бері 280 жүк көлігінің жүргізушісі салмақ нормасын бұзған
Sputnik
АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Елордада көліктік бақылау күшейтілді. Астанаға кіретін барлық жүк көлігі автоматты түрде өлшеуден өтеді, деп хабарлады Көлік министрлігі.

Өткен айдан бастап елорданың негізгі кіреберістерінде жол сапасын қамтамасыз ету мақсатында ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйелер іске қосылды. Осылайша, қыркүйектің ортасынан бері 280 жүк көлігінің жүргізушісі салмақ нормасын бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асты. Жүк тасымалдайтын компанияларға хаттама жіберілді.
"Инертті жүкті тасымалдайтын әрбір үшінші самосвал жүргізушісі рұқсат етілген норманы сақтамай, нормадан тыс жүк тасымалдауда. Ауыр жүк көліктеріне тиелген жүк нормадан 2-3 есе асып түседі. Рұқсат етілген норма 25 тонна болса, іс жүзінде 40-60 тонна тасымалданады. Біз жүк көлігі жүргізушілерін және барлық тасымалдаушыны рұқсат етілген салмақ нормаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Негізгі міндет — жолдардың мерзімінен бұрын тозуын болдырмау", - деп атап өтті Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің қызметкерлері.
Осылайша, көлік құралдарының рұқсат етілген массасы төменде келтірілген нормадан (тоннамен) аспауға тиіс:

үш осьті (М3 санатындағы буынды автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
бес осьті – 38 тонна;
алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

Айыппұлдың мөлшері оське шаққандағы салмақтың арту дәрежесіне байланысты және кәсіпкерлік түріне байланысты – шағын, орта немесе ірі – 40 АЕК-тен (147 мың 680 теңге) 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейін құрайды.