Тоқаев алдағы референдумға қатысты мәлімдеме жасады

Президенттің пікірінше АЭС салу бастамасы еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді
Sputnik
АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша республикалық референдумға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысты. Сол жерде 6 қазанда өтетін референдум туралы сөз қозғады.
"Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының жарқын көрінісі", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұған дейін АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымын бірнеше рет айтқанын да еске салды.
"Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы", - деп атап өтті Тоқаев.
Оның айтуынша, АЭС-тың пайдасын қазіргі жастар бен болашақ ұрпақ көреді.