АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл халқының кірістерін арттыруға бағытталған "Ауыл аманаты" бағдарламасын іске асыру басталды. Министрлік өтінімдерді электрондық форматта беруге және қарауға мүмкіндік беретін шағын кредиттеу ақпараттық жүйесін әзірледі.
Бағдарлама мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперациясы және ауыл шаруашылығымен байланысты емес бизнес салаларын дамытуға төмен мөлшерлемемен шағын кредиттер беруді қарастырады. Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, өтінім беруші электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүйеде тіркеліп, қажетті құжаттарды жүктейді. Пайдаланушының рұқсатымен оның жеке деректері тексеріліп, кейбір мәліметтер автоматты түрде толтырылады. Өтінімді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияда қарау бірнеше кезеңнен тұрады. "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алуға ниетті адам жеке кабинет арқылы құжаттардың нақты қай маманда қаралып жатқанын көре алады.
"Бұл бағдарлама төңірегінде пайыздық мөлшерлеме 2,5%-дан аспайды. Несие мерзімі – 5 жылға дейін берілетін болады, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Несие сомасы жеке кәсіпкерлер үшін 9 миллионнан сәл асады. Ал, егер де шаруашылықтар бір кооперативке ұйымдастырылып, бірігіп жұмыс істейміз десе, онда несие сомасы 29,5 млн-ға дейін жететін болады",- деді спикер.
Ақпараттық жүйе арқылы мыңнан астам өтінім қабылданды. Оның 384-і мақұлданып, қазір ауыл тұрғындары несиелерді алуды күтіп отыр.
Сондай-ақ вице-министр мал шаруашылығы саласын цифрландырудың маңызды екенін ерекше атап өтті. Бұл секторды цифрландыру үшін 2 ақпараттық жүйе іске қосылды. Олардың арқасында малды тіркеуден бастап, зертханалық жұмыстары мен ветеринариялық шараларына дейін қадағалауға болады.
Малдың ет ретінде сөреге түскенге дейінгі әр кезең тіркеліп, бір паспорт ретінде шығарылады. Нәтижесінде малдың қайдан шыққанын білуге болады. Оның ауырғаны да ашық ақпарат болып жарияланады. Әзірге бұл жоба пилоттық режимде бір өңірде іске қосылды. Жыл аяғына дейін заңнамаға өзгерістер енгізіп, жобаны бүкіл ел аумағында енгізу жоспарда бар.