АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысып, саяси партиялардың қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысы бұған дейін ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсекенің жандана түскенін ерекше атап өтті. Жаңа ережеге сәйкес, соңғы сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазіргі кезде мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды.
"Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады",- дейді Тоқаев.
Бұдан бөлек, өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр.
"Сондай-ақ реформа партиялардың аймақтағы белсенділігін арттырды. Олар облыс, аудан орталықтарында қарқынды жұмыс істей бастады. Азаматтардың саяси үдеріске кеңінен араласуына мүмкіндік туды. Жер-жерде түрлі мәселе туралы ашық талқылаулар өтіп жатыр. Басқаша айтсақ, пікір алуандығына жол ашылды. Жұрт жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысатын болды. Бұл "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатымен толық үндеседі", - деп атап көрсетті президент.
Саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейе түсті. Депутаттар облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін баламалы негізде таңдайтын болды. Сондықтан мәслихаттар аймақтың әлеуметтік жағдайына әкімдіктермен бірдей жауапты. Ендігі кезекте мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру қажет.