АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына атсалысқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.
“Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ халықаралық спорт шарасын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды”, - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, 1 адам “Парасат” орденінің және 7 азамат “Құрмет” орденінің кавалері атанды. “Ерен еңбегі үшін” медалі 85, ал “Шапағат” медалі 5 адамға берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өткен болатын. Ойындарға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық адам қатысты.