АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Қазақстан ауаға көміртегі шығарындылары бойынша антирекорд орнатты.
Энергия өндіруден бұл көлем 11,2%-ға өсті – бір жылда 277,5 млн тоннадан 308,7 млн тонна СО₂ эквивалентіне дейін. Энергетика институты осындай мәлімет таратты.
Энергия секторы көміртегі шығарындысына ең көп үлес қосып отыр. Бұған негізінен мұнай және көмір сияқты қазбалы отынды тұтыну себеп болды. Деректер энергия өндіруден, факелде өртеуден, өнеркәсіптік процестерден және қазбалы отынды тасымалдау мен таратудан болатын шығарындыларды қамтиды.
Институттың мәліметінше 2023 жылы Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға 343 миллиард теңге (712,8 миллион доллар) жұмсаған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20 пайызға көп.
Ластаушы заттардың алдын алатын, азайтатын немесе жоятын технологиялар мен кәсіпорындардың жұмысына арналған шығындар үшінші жыл қатарынан өсті.
Дүниежүзінде 2023 жылы көміртегі шығарындысының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі: 12,6 миллиард тонна CO₂ эквиваленті, бұл бүкіл Батыс жарты шар мен Еуропаның біріктірілген шығарындысынан көп. Себеп - көмір мен мұнайға тәуелділік.
АҚШ 2023 жылы шығарындылар бойынша екінші орында. Үшінші орында көмір өнеркәсібіне белсенді инвестиция салып жатқан Үндістан тұр.