Банкті сату туралы келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ – Bank RBK ресми мәлімдеме жасады

Sputnik
АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Bank RBK банкті сатуға дайындық жасалып жатқаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Қазіргі уақытта банк пен оның акционері ForteBank-ті қоса алғанда, қаржы институтының акцияларын сату туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ.
"Қазіргі уақытта Bank RBK Қазақстандағы ең тұрақты және серпінді дамып келе жатқан екінші деңгейлі банктердің бірі саналады және елдің қаржы нарығындағы позициясын нығайтуға бағытталған даму стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Bank RBK коммерциялық банктер арасында корпоративтік несие портфелінің көлемі бойынша 7, капитал бойынша 7 және активтер бойынша 9-шы орынды иеленді.
Сондай-ақ 2024 жылдың қыркүйегінде Moody's Investors Service (Moody's) халықаралық рейтинг агенттігі "Bank RBK" АҚ-ның ұзақ мерзімді депозиттік рейтингін Ba3-тен Ba2-ге дейін, сондай-ақ кредит төлеу қабілеттілігін базалық бағалауды (BCA) жоғарылатып, BCA-ны b1-ден ba3-ке дейін жақсартты. Ұзақ мерзімді рейтингтер бойынша болжам "тұрақты" деңгейде. Агенттік банктің қысқа мерзімді рейтингтерін де растады.
2024 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша "Bank RBK" АҚ активтері 2 170 млрд теңгеге жетіп, жыл басынан бері өсім 6,2 пайызды, несие портфелі 1 294 миллиард теңге болып, жыл басынан бері 15,4 пайызға өсті.
Банк 2024 жылдың 8 айында 39 миллиард теңге пайда тапты, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 34 миллиард теңге болған.