АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Астанада полицейлер көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан кәмелетке толмаған жеті жасөспірім жүргенін анықтады, деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 28 қыркүйекте "Мирас" тұрғын үй кешенінде болған. Көпқабатты үйдің төбесінде қыз жүргені туралы хабарлама түскен соң, полиция оқиға орнына жеткен. Анықталғандай, жасөспірімдер шатырға апаратын есік ашық екенін байқап, шатырға шығуды ұйғарған.
Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп, желіде жариялады. Бейнежазба авторлары балалар өлімге әкелетін ойындағы суицидке апаратын тапсырмаларды орындап жатыр деп болжаған.
Алайда, полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қатысуымен олардың мобильді телефондарын тексергеннен кейін қауіпті ойындарға қатысқаны туралы деректер анықталмаған.
Нәтижесінде жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларға қатысты бақылауды жеткіліксіз жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, полицейлер алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу үшін тұрғын үй кешендері мен үйлердің шатырларына кіруге тосқауыл қою шараларын қабылдауда.
"Полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырады, әсіресе Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы қауіпті әрекеттерге қатысу қаупі ұлғайған жағдайда сақ болу керек. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана өскелең ұрпақты қорғай алатынымызды еске саламыз", - делінген ведомство хабарламасында.