АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Түркістан қаласының әкімі лауазымына Әзімбек Пазылбекұлы Нәлібаев тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық әкімдікке сілтеме жасап.
Президенті әкімшілігі өз келісімін берді. Бүгіннен бастап Нәлібаев Түркістан қаласын басқарады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа кандидатураны өзі таныстырды. Ал мәслихат депутаттары қала әкімі лауазымына ұсынылған Әзімбек Нәлібаевтың кандидатурасын қолдады. Оған Түркістан қаласын дамыту, қаланы Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік және экономикалық әлеуетін көтеру бойынша маңызды міндеттер жүктеліп отыр.
Әзімбек Пазылбекұлы 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін және "Болашақ" университетін бітірген. Мамандықтары – мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс, құқықтану.
Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі жетекші маманының міндетін атқарушы болып бастаған. Екі жылдан кейін Қызылорда қаласының әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болса, одан кейін ұлттық экономика министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің коммуналдық шаруашылық басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы болып еңбек еткен.
Соңғы жылдары өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды.