АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Қазақстанда бір жылда 3,3 млн тонна коммуналдық қалдық жиналды. Оның 13 мың тоннасы ғана энергия алу үшін кәдеге жаратылған, деп хабарлады Energyprom.kz.
Жыл басында Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару бойынша 808 кәсіпорын жұмыс істеді, оның 768-і жеке, 36-сы мемлекеттік, 4-і шетелдік компания.
Былтыр елде 3,3 миллион тонна коммуналдық қалдық жиналды — бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,4%-ке көп. Оның ішінде:
көшеден жиналған қалдық – 282,5 мың тонна,
макулатураға – 120 мың тонна,
базар қалдықтары – 107,3 мың тонна,
пластмасса, пластик, полиэтилен және полиэтилентерефталат қалдықтары – 84,9 мың тонна,
тамақ қалдықтары – 60,4 мың тонна,
метал – 5 мың тонна.
Жиналған коммуналдық қалдықтардың үштен бірі Алматы, Қарағанды облысы және Шымкентке тиесілі.
Қалдықтардың жалпы көлемінің 2,3 млн тоннасы қоқыс полигондарына, 914,5 мың тоннасы бөгде ұйымдарға немесе қоқыс өңдеу зауыттарына берілді, 36,4 мың тоннасы қалдықтарды басқару жөніндегі өз объектілеріне жөнелтілді.
Былтыр барлық қалдықтың небәрі 1,3 миллион тоннасы сұрыпталды. Сұрыпталған қалдықтардың ең көп көлемі – макулатура, картон және қағаз. Сондай-ақ пластмасса, тамақ, әйнек және метал қалдықтары да белсенді түрде сұрыпталды.